Әскерде басынан ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтардың жағдайына қатысты жақсы жаңалық айтылды

Nur-Altay Umirzak

Оның қазіргі жағдайы туралы жеке массажисі мәлімдеп отыр

Сурет: instagram.com/erbayan2024

Ербаян Мұхтардың Түркияның Стамбул қаласында ауыр нейрохирургиялық операциядан кейін Қазақстанға оралғанына 4,5 ай өтті. Әскери борышын өтеу кезінде ауыр жарақат алып, мүгедек болып қалған жас жігіт қазір оңалту курсынан өтіп жатыр. Соңғы уақытта ол салмақ қосып, аяғы мен арқасын тік ұстай бастаған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның қазіргі жағдайы туралы жеке массажисі Ұлпан Советбекқызы мәлімдеп отыр.

Маманның айтуынша, соңғы бірнеше ай ішінде Ербаян айтарлықтай оң өзгерістерге қол жеткізген. Ол арқа бұлшықетін тік ұстауға, өздігінен тұруға және мойын бұлшықеттерін басқаруға үйренген. Сол қолы мен аяғында қозғалыс реакциялары пайда болған. Сонымен қатар, ол салмақ қосып, енді зонд арқылы емес, ауыз арқылы толық тамақтана алады.

«Бұл — 7,5 айдың ішінде жеткен үлкен жетістік. Ем баяу жүріп жатыр, бірақ тұрақты. Мұндай жағдайда ең маңыздысы — үміт пен табандылық», – деді Ұлпан Советбекқызы.

Ол екінші кезеңдегі ем-домды жалғастыру үшін Ербаянның қайтадан Стамбулға аттанатынын айтты. Массажшы оның толықтай сауығып кететініне сенімді.

Еске салайық, 2024 жылғы 27 қыркүйекте құқық қорғаушылар мен бей-жай қарамайтын азаматтардың көмегімен Ербаян Мұхтар Түркияға емделуге жіберілген болатын.

Бұған дейін Ұлттық ұланның әскери қызметшісі Ербаян Мұхтардың отбасына заңгерлік көмек көрсетіп жүрген адвокат оның Астанадағы нейрохирургия орталығына жатқызылғанын, кейін ата-анасы оны Германияға апарғысы келгенін хабарлаған еді.

2024 жылдың мамыр айының соңында 22 жастағы Ербаян Мұхтардың алты айлық әскери қызметінен кейін кенеттен комаға түскені белгілі болған.

Ресми нұсқада ол әжетханада құлап, басын ұрып алғаны айтылады. Алайда туыстары бұған сенбейді, өйткені жай құлаудан кейін желке сүйегінің сынуы, ми ісінуі, бас миының қабынуы және маңдай-шеке аймағында жедел субдуралды гематома сияқты ауыр диагноздар болмауы керектігін айтып шағымданған болатын.