Таразда ұшаққа электрошокер алып кірген ер адамға сот үкімі шықты

Nur-Altay Umirzak

Сарапшы электрошокерді зауыттық электрлік қару деп таныған

Сурет: : ТАСС

Таразда ұшаққа электрошокер алып өтпек болған ер адамға айыппұл салынды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

 Бұл туралы Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Іс материалдарына сәйкес, биыл наурыз айында Астана халықаралық әуежайының терминалында Таразға бет алған рейс жолаушысының қол жүгінен тексеріс кезінде электрошокер табылған. Оның иесінде құрылғыны алып жүруге қажетті рұқсат болмаған. Электрошокер жұмыс істемейтін күйде болғанымен, сарапшы оны кейіннен зауыттық электрлік қару деп таныған.

Айыпталушы кінәсін мойындады. Оның айтуынша, ол электрошокерді интернеттен сатып алып, қаңғыбас иттерден қорғану үшін немересіне сыйлыққа бермек болған. Алайда құрылғы істен шыққан деп ойлап, тіркеуге тұрғызбаған.

Заң бойынша азаматтық қаруды сақтау және алып жүру ішкі істер органдарының арнайы рұқсатымен ғана мүмкін болады. Айыпталушыда ондай рұқсат болмаған.

«Кінәні мойындауын және бұған дейін заңбұзушылықтар болмағанын ескере отырып, сот айыппұлдың жалпы сомасынан 30% жеңілдік жасап, электрошокерді тәркілей отырып, әкімшілік жаза ретінде 55 мың теңге айыппұл салу туралы шешім қабылдады», – делінген сот үкімінде.

Сот қаулысы заңды күшіне енген.