Түркістанда әскери қызметкер 15 жастағы қызды жүкті етіп, тастап кеткен

Qaz365.kz редакциясы
Фото: Threads/ Жазира Бегалы

Түркістан облысында 15 жастағы мектеп оқушысы 23 жастағы әскери қызметкерден балалы болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Полиция мен әскери-тергеу басқармасы істі кім жүргізуі керектігін шеше алмай отыр.

Бұл туралы журналист Жазира Бегалы хабарлады. Оның айтуынша, қыз 15 жасында, 9-сыныпта оқып жүргенде жүкті болған.

Кәмелетке толмағанмен жыныстық қатынасқа түскені үшін қылмыстық жауапкершіліктен қашу мақсатында ер адам онымен ресми түрде некеге тұрған. Алайда жарты жылдан кейін оны тастап, ата-анасының үйіне қайтарып жіберген, – деді Жазира.

Журналистің мәліметінше, жергілікті тергеуші қыздан жыныстық қатынасқа «өз еркімен барғаны» туралы қолхат алып, қылмыстық істі жауып тастаған. Бұл – заңға қайшы: Қазақстанда 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас – жәбірленушінің келісіміне қарамастан, қылмыстық қылмыс болып саналады.

Қыз Астанаға шағым түсіргеннен кейін іс қайта қозғалған. Алайда екі ай өтсе де, ешқандай нәтиже жоқ.