Балтамен басынан және денесінен бірнеше рет соққы алған бес баланың анасы мүгедек болып қалды.
Қызылорда облысында әйелін балталап тастаған мұғалімге сот үкімі шықты. Айыпталушы кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралыQaz365.kz 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Балтамен басынан және денесінен бірнеше рет соққы алған бес баланың анасы мүгедек болып қалды.
Қанды қылмыс Бала би ауылында осыдан үш ай бұрын болған. Тергеудің мәліметінше, таңғы сағат төрт шамасында бөлмеде шырт ұйқыда жатқан әйелді күйеуі балталап тастаған. Педагог өткір құралдың жүзімен жұбайының басын, иығын және қолын шапқан. Сөйтіп өзі сыртқа шығып кеткен екен. Ал шошып оянған қызы қан-жоса болған анасын көріп, дереу көмек шақырған. Оқиға орнына шұғыл жеткен жедел жәрдем қызметкерлері 42 жастағы жәбірленушіні аман алып қалды. Ал ер адамның қылмысы сотта толық дәлелденді.
Ағаш сапты балтаны алып, ұйықтап жатқан сәтін пайдаланып, асқан қатыгездікпен бас тұсынан, иық тұстарынан бірнеше мәрте соққылар жасаған. Кәмелетке толмаған балалар оянып қалған сәтінде сотталушы өзінің қылмыстық іс-әрекетін ақырына дейін жеткізе алмай балтасын жерге тастап, шығып кеткен. Сотталушы қылмыстық кодекстің 99-бабы 3,5-тармақтарымен кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды, – деді Қызылорда облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әкімшілігінің басшысы Ерлан Раушанбеков.
Сотталушы “Адам өлтіруге оқталу” бабы бойынша жазасын өтейді. Прокурордың айтуынша, отбасындағы сұмдық жағдай ерлі-зайыптылардың бір-бірін түсінісе алмауынан болған. Үкімді онлайн тыңдаған жәбірленуші күйеуіне берілген жазамен келісті. Ал 21 жыл бойы биология пәнінің мұғалімі болған сотталушының туыстары бұл жазамен келіспейді.
Мен бұл неге келіспеймін. Інім өте ауыр жазамен айыпталып тұр. Жүрегіміз қан жылап тұр, – дейді қылмыскердің туысы Гүлжан Нұрғалиева.
Балтаның ауыр соққысынан мүгедек болып қалған әйел жұбайымен 11 жыл бұрын шаңырақ көтерген екен. Екеуі бес бала тәрбиелеп келген.