Астанада бір күнде 4 бала терезеден құлап, екеуі мерт болды

Qaz365.kz редакциясы

103 қызметінің пультіне бір күн ішінде «баланың құлауы» деген себеппен төрт түрлі шақырту түскен.

Фото: istockphoto

Астана қаласында бір күннің ішінде 4 бала терезеден құлады. Бұл ақпаратты қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

103 қызметінің пультіне бір күн ішінде «баланың құлауы» деген себеппен төрт түрлі шақырту түскен. Балалар әртүрлі биіктіктен яғни 1-ден 16-қабатқа дейін құлаған.

10 және 16-қабаттан құлаған балалар оқиға орнында қаза тапты. Олардың бірі 3 жаста, екіншісі 6 жаста болған. Қалған екі бала жедел жәрдем арқылы ауыр жарақатпен балалар ауруханасына жеткізілді. Қазір екеуі де жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалап отыр.

Өкінішке қарай, ересектердің салғырттығы салдарынан балалар денсаулығынан, тіпті өмірінен айырылып жатыр. Біз жансақтау бөліміне өте ауыр жағдайда жеткізілген балаларды көргенде мұндай жағдайға ересектер қалай жол берді? неге бала қараусыз қалған? деген сұрақтар туындайды. Балалардың биіктен құлау фактілері жылдан-жылға көбейіп барады. Жыл басынан бері көпқабатты үйлерден құлап кеткен 51 бала бізге жеткізілді. Олардың төртеуі ауруханада алған жарақатынан көз жұмды, – дейді №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының травматолог-дәрігерлері.

Дәрігерлердің айтуынша, көп жағдайда балалар масаға қарсы торға сүйеніп, сыртқа құлап кеткені анықталған.