Анасы терезеден лақтырып жіберген: балалардың жағдайы белгілі болды

Qaz365.kz редакциясы

Полиция дерегінше, зардап шеккен балалар – оның туған ұлдары.

Pixabay.com

Павлодар облыстық балалар ауруханасының мамандары бесінші қабаттан лақтырылған балалардың өмірін аман алып қалу үшін күресті жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Дәрігерлердің мәліметінше, кішкентай сәбиге 30 шілде күні кешкісін шұғыл операция жасалған. Ішкі қан кету салдарынан баланың жағдайы күрт нашарлап, қатты зақымданған сол жақ бүйрегін алып тастауға тура келген.

Отадан кейін сәбидің жүрегі тоқтап қалды. Реанимациялық шаралардың арқасында жүрек қызметі қайта қалпына келтірілді, – деп мәлімдеді облыстық балалар ауруханасы.

Қазіргі таңда нәресте жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Оның қан айналымы қысымды тұрақтандыратын препараттар арқылы сақталып тұр.

Дәрігерлердің айтуынша, балада III дәрежелі травматикалық шок, ауыр бас-ми жарақаты мен ішкі ағзалардың зақымдануы анықталған. Жалпы жағдайы – өте ауыр.

Ал 2017 жылы туған екінші баланың халі ауыр болғанымен, бірқалыпты. Ол есін жиып, өздігінен тыныс ала бастаған.

Сондай-ақ терезеден балаларын лақтырды деген күдікке ілінген 33 жастағы әйел де есін жиғаны белгілі болды. Полиция дерегінше, зардап шеккен балалар – оның туған ұлдары.