Павлодар облысында баланың үстіне футбол қақпасы құлап кетті

Qaz365.kz редакциясы

Полицияның мәліметінше, қақпа дұрыс бекітілмеген.

Павлодар облыстық ПД

Павлодар ауданына қарасты Жертұмсық ауылында ойын кезінде баланың үстіне темір футбол қақпасы құлап, олжарақат алған. Бұл туралы Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Qaz365.kz.

Полицияның мәліметінше, қақпа дұрыс бекітілмеген. Сонымен қатар, футбол алаңы мен құрал-жабдықтарды жергілікті тұрғындар өз бетімен орнатқан, тиісті органдармен ешқандай келісім жасалмаған.

Ойын алаңын ауыл тұрғындары өздері ұйымдастырған. Анықталғандай, бұл алаң мен қақпалар ешбір мекеменің балансында жоқ, – делінген ведомство хабарламасында.

Оқиғадан кейін полиция оқиғаның алдын алуға себеп болған жағдайларды жою мақсатында аудан әкіміне арнайы нұсқама жіберді. Оның ішінде балалар үшін қауіпсіздік стандарттарына сай спорт алаңын ұйымдастыру мәселесі де қаралған.

Бұған қоса, футбол ойыны кезінде баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін оның заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.