«Денесін құрт жеп қойған»: Шымкентте мәйіті қоқыстан табылған қыз туралы шындық айтылды

Qaz365.kz редакциясы

Ал Диананың мәйіті 31 шілдеде табылған.

Жеке мұрағат

Шымкент қаласында із-түссіз жоғалып кеткен 26 жастағы Диана Оңғарбаеваның денесі 10 күннен кейін қоқыстан табылды. Денесінде 24 пышақ жарақаты бар марқұмды көшедегі жұмысшылар тауып алған. Қайтыс болған келіншек екі баланың анасы еді, деп хабарлайды  Qaz365.kz Информбюроға сілтеме жасап.

Марқұмның туыстарының айтуынша, Диана 21 шілде күні күндік жұмысқа, яғни үй тазалауға шыққан. Бірақ сол күні хабар-ошарсыз кеткен. Жақындары сол күні-ақ полицияға арыз жазғанымен, құзырлы органдар істі тек 28 шілдеде ғана тіркеген. Ал Диананың мәйіті 31 шілдеде табылған.

Марқұмның сіңілісі Айдана Оңғарбаева:

«Үй жинауға шақырған. Әпкем барған соң, жігіт оны анам келеді, ақша салып береді деп ұстап отырған. Телефонмен сөйлесіп жатқан кезде пышақтап үлгерген. Бәрі алдын ала жоспарланған секілді».

Отбасы полицейлердің салғырттығына күйінеді. Диананың анасы Қарлығаш Оңғарбаева:

«21-і күні арыз жаздық. Бірақ олар іздеген де жоқ. 28-іне дейін «күтіңіз, табамыз» деп, құр уәдемен алдады. Қызым тірі деді. Қайда тірі қыз?..»

Туыстары күдіктіні өздері тауып бергенін, Диананың соңғы рет 16 жастағы жасөспірімге хабарласып, сол жігіттің нөмірін құрбысына жібергенін айтады. Қазір ол жеткіншек ұсталып, қамауға алынды. Қылмыстық іс ҚР ҚК 99-бабы – «Адам өлтіру» бойынша қозғалды.

Шымкент қалалық ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұржан Мырзагелдиев:

«Күдікті ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда».

Марқұмның туыстары бұл қылмысқа тағы бірнеше адамның қатысы бар деп есептейді. Себебі Диананың телефонын сатуға екі бөлек адам барған.

Диананың артында күйеуі мен 2 және 4 жастағы екі қызы қалды. Жас отбасы қалаға нәпақа табу үшін келген екен. Қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желілерде қызу талқылануда. Туыстары әділ тергеу жүргізіліп, кінәлілердің бәрі толық жазалануын талап етуде.