Іздеу жұмыстары су астындағы көрінудің нашарлығы мен лайлы тұнбалардың болуына байланысты күрделене түсуде
Алматы облысында құлаған тікұшақтың ішінара сынықтары мен бір адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Qaz365.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
“Су астындағы жұмыстар барысында ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері шамамен 14 метр тереңдікте әуе кемесінің ішінара сынықтары мен бір адамның мәйітін анықтады. Қазіргі уақытта сәйкестендіру процедурасы жүргізілуде”, – делінген ресми хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, іздеу жұмыстары су астындағы көрінудің нашарлығы мен лайлы тұнбалардың болуына байланысты күрделене түсуде, бұл сүңгуірлер мен инженерлік бөлімшелердің жұмысын айтарлықтай баяулатады. Қиын жағдайға қарамастан, жұмылдырылған барлық күштер операцияны мүмкіндігінше тез аяқтау үшін үйлесімді әрі мақсатты түрде әрекет етуде.
“Оқиға орын алған алғашқы сағаттардан бастап Қорғаныс министрлігінің басшылығымен тәулік бойы барлық қажетті күштер мен құралдарды жұмылдыра отырып, іздестіру-құтқару операциясы жүргізілуде. Қорғаныс министрлігі, ТЖМ, ІІМ және басқа да ведомстволардың бірлескен жұмысы аясында, «Қазақстан Ғарыш Сапары» акционерлік қоғамының қолдауымен спутниктік деректерді пайдалана отырып, математикалық есептеулер жүргізілді. Бұл тікұшақтың ықтимал орналасқан аумағын анықтауға мүмкіндік берді. Аталған ауданға жедел түрде іздеу топтары мен арнайы техника жөнелтілді”, – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.