Алматыда ағаш бұтағы құлап, 27 жастағы әйел қаза тапты

Qaz365.kz редакциясы

Марқұм сол аумақтағы кеңселердің бірінде бухгалтер қызметін атқарған.

Pixabay.com

13 тамыз күні шамамен сағат 12:00-де Алматыдағы Qarasai park тұрғын үй кешені маңында, Әди Шәріпов пен Қарасай батыр көшелерінің қиылысында қайғылы жағдай болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Алдын ала деректерге сүйенсек, сынып түскен ағаш бұтағы жолдан өтіп бара жатқан әйелдің үстіне құлаған. Алған жарақаттарынан ол оқиға орнында көз жұмды. Марқұм сол аумақтағы кеңселердің бірінде бухгалтер қызметін атқарған. Қайтар жолда әріптесімен бірге келе жатқанында бұтақ құлаған. Қасында болған әріптесі дер кезінде шегініп үлгерген.

Қайтыс болған әйелдің артында күйеуі мен 6 жасар баласы қалды.

Бұл жайт бойынша Алмалы аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғап, оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтап жатыр,-  деп хабарлады қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.