Шымкентте өткен сотта куәгерлердің бірі Руслан Берденов пен Ернар Жиенбайдың арасы қалай суығанын айтып берді
Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасы сәулет және құрылыс бөлімінің инспекторы Асанбай Ақментаев Руслан Берденов пен Ернар Жиенбайдың сотында жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Куәгердің айтуынша, Руслан Берденов есебін тыңдау үшін Тұрғынүй Шымкент ЖШС басшысын өзіне шақырған. Бірақ сәуірдің басында шақырғанда Ернар Жиенбай келе алмаған.
“Руслан Берденовке ол “қазір прокуратурадан шыға алмай жатыр, басқа күнге шақырайық” деп түсіндірдім. 3 сәуір күні келді, үшеуміз отырдық. Бірінші келген кезде Русланның тарапынан ескерту жасалды. “Формаң қайда? Жұмыста осылай жүресің бе?” деді. Ернар “жақсы киініп келемін” деп айтты. Сосын отырдық. Презентация болмайтын болды, “табылмай кетті” деп, сосын 5 минут уақыт сұрады. Ернар екеуміз сыртқа шықтық, содан кейін ватсабыма презентация жіберді. Мен оны экранға қоятындай жасап қайта кірдік. Презантацияны қарап, “жұмыстарың осы ма?” деді. Сол жерде, қысқасы “Ернар, жұмыстан арызыңды жазып кете қойшы” (Берденов) деді, – дейді Ақментаев.
Асанбай Ақментаев Руслан Берденовпен бір ай шамасында қызметтес болған. Сөзінше, Берденов келген басқарма басшыларына әр жиналыста “таза жұмыс жасаңдар” деп ескертіп отырған. Әйтпесе, прокуратура, экономикалық тергеу қызметін шақырамыз деген.
“Бірінші конфликт киімге байланысты болды. Екінші презентациямыз басталған кезде мен Ернарға сұрақ қойдым. “Сіздер, мердігерлерді қалай таңдайсыздар?” деп сұрадым. Сол кезде ол маған “Асеке, сіз бәрін білесіз ғой” деді. Берденов оған “айтқың келмей тұр ма?” деді. Содан кейін “Ернар, жұмысты қоя салшы бұл қарқынмен істейтін болсаң, мен ашығын айтайын, маған жұмыс жасайтын адам керек” деді. Сөйтіп “арыз жаз” деді. “Жазамын” деді. Сонымен кеткен. Бұл бірінші күні болған жағдай. Ертесіне Ернар хабарласып, “анам ауырып жатыр еді, кеше сондай жағдайда болып тұрған едім, қайтадан кіріп шығайыншы” деп өтінді. Ол кезде Президент келгелі жатқан. “Визитті өткізіп алайық, содан соң келсеңші” дедім. Ол өткен соң 14 сәуір күні Ернар келді. Руслан өзі көргеннен кейін кабинетке шақырды. Екеуі содан кабинетке кіріп кетті”, – дейді куәгер.
Жиенбай Берденовтен шыққаннан соң маған сағат 12.30 дар шамасында хабарласа бастаған. Куәгер басында жауап бермей отырған.
“Сосын хабарласам деп жазып отырдым. Тоқтамай хабарласа бастады. Телефонды алған кезімде Ернар ашулы, маған мас сияқты болып көрінді. Себебі “Мен біреуді өлтірем немесе өлем, Русланды далаға алып шықшы. Жігітше сөйлесейін” деп жатты. Мен оны қабылдаған жоқпын. Адамның ойына не айтып, не келмейді деп ойладым. Бірақ тоқтамай хабарласа бергеннен кейін мен осы жағдайды Русланға да айттым. “Ол қойыңдар, өліп қалмасын, болды қойыңдар” деді. Ертесіне басылған шығар деп телефонымды блоктан шығардым. Біріншіден оның дауыс тоны солай сезілді. Сау адамның сөйлескенімен ішкен адамның сөйлескені білінеді. Ернарда сау кезде ондай нәрсені айтпайтын шығар, мас деп ойладым. “Мен өзімдікін істеп тастаймын, не біреуді өлтірем, не мен өлем” деді. “Русланды 1 минутқа алып шықшы” деді. Ол кезде біз оны осылай жасайды деп ойламадық. Ішіп алып айтып отырған шығар деп блокқа тығып тастадым”, – дейді Асанбай Ақментаев.
21 сәуір күні Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің жараланғаны хабарланған еді. Оқиға орнында болғандар Берденовтің жүргізушісі құтқарып қалғанын, күдіктіні ұстауға көмектескенін айтады. Бұл оқиғадан соң, атысқа себеп болған түрлі нұсқадағы алып-қашпа әңгімелер тарай бастады. Біреу жұмыс барысында келіспеушілік туындағанын айтса, енді бірі Берденовтің күдіктінің жарына көз салғаны туралы айтты. Артынша Берденовтің таныстары мен Жиембайдың туыстары тарап жатқан ақпараттың барлығы шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.