“Халықтың ақшасына ұшып жүр демесін”: куәгер оқ тиер алдында Берденовпен қандай әңгіме болғанын айтты

Әдлет Нұран

Берденов іссапардың ақшасын алғысы келмеген

gov.kz

Сәулет және құрылыс бөлімінің инспекторы Асанбай Ақментаев Руслан Берденов жараланған сәтіне дейін араларында қандай әңгіме болғанын баяндады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның айтуынша, қайғылы оқиғадан бұрын әкімдік қызметкерлері арасында жеңіл әңгіме өрбіген. Берденов іссапардың ақшасын алғысы келмейтінін айтқан.

"Руслан Арыспекұлы “іссапардың ақшасын алмай-ақ қойсам бола ма... Ертеңгі күні халықтың ақшасына ұшып жүр деген сөз шықпасын” деді. Мен қалжыңдап, “егер алғыңыз келмесе, карточкамды беріп қояйын” деп күлдім. Бәріміз жақсы көңіл-күйде отырдық. Ол кісі бізбен қоштасып, төменге түсіп кетті. Арада көп өтпей, әкімнің басқа орынбасарының көмекшісі “астында Руслан Арыспекұлын атып кетті” деп жүгіріп келді", – деді Ақментаев.

Оның сөзінше, ол бірден оқиға орнына жетіп барған.

"Сол сәтте Берденовтің денесі қанталап кеткен еді. Ол кәлимасын айтып жатты. Жанында екі адам галстугын шешіп, жарасын байлап, қанын тоқтатуға тырысып жатты", – деп қосты инспектор.