Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов бүгін сотта жауап бере бастады
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов ауруханадан тікелей онлайн қосылды. Ол сот залына келе алмады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
“Есепті дайындау керектігі екі күн бұрын айтылған. Бүкіл есептерімен келіңдер, не істеліп жатыр, бюджеттің ақшасы қалай құртылып жатыр – білмек едік. Қандай тендерлер болып жатқанын да білгіміз келді. “Тұрғын үйде тендерсіз мердігерлер жұмыс істеп жатыр” деген маған көп шағым келді. Жиенбайдың өзі үлкен мөлшерде құрылыс материлдарын сатып алып жатқаны туралы да маған ақпарат келді. Өзі ары жақта жасап жатқан. Сол ақпараттар келген соң мен одан “қандай жұмыс істеліп жатыр?” деп сұрадым. Еш нәрсе айта алмады. Оның үстіне инспектормен дауласып, ұрсысып, “сен не деп тұрсың?” деді. Мен тоқтаттым. Мен “Ернар, бұлай істесең, біз жұмыс жасай алмаймыз” дедім. Ол маған “керек болса жұмыстан шыға саламын” деді. Мен “шыға сал” дедім, – дейді Берденов.
21 сәуір күні Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің жараланғаны хабарланған еді. Оқиға орнында болғандар Берденовтің жүргізушісі құтқарып қалғанын, күдіктіні ұстауға көмектескенін айтады. Бұл оқиғадан соң, атысқа себеп болған түрлі нұсқадағы алып-қашпа әңгімелер тарай бастады. Біреу жұмыс барысында келіспеушілік туындағанын айтса, енді бірі Берденовтің күдіктінің жарына көз салғаны туралы айтты. Артынша Берденовтің таныстары мен Жиенбайдың туыстары тарап жатқан ақпараттың барлығы шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.