«60-қа жуық бытыра оғы қалғалы тұр»: Берденов сотта денсаулығына қатысты қауесеттерді жоққа шығарды

Qaz365.kz редакциясы

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов бүгін сотта денсаулығы жайлы да алыпқашпа әңгімелерге жауап берді

скриншот

Руслан Берденов денесіндегі бытыра оқтарының рентген-суретін жариялаған кезде кейбір азаматтар “бұл өтірік” деп сенбеген еді. Берденов мұндай жағдайда сотталушының әкесі Жиенбай Пірәлиевке “егер сенбесеңіздер, КТ мен рентгенге бірге барайық” деп ұсыныс айтты, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

“Егер маған сенбейтін болсаңыз, мен сізбен бірге рентгенге, КТ-ға барайын. Бүгін арқама операция жасайды. Оқтың бар-жоғы үш-төртеуін ғана ала алады. Қалғанын ала алмайды. Өйткені өте терең тұр. Сол үшін менің денемдегі 60-қа жуық бытыра оғы қалады. Қазір дәрігерлер “оларды шығару қиын, өйткені оқтар өте тереңде тұр” дейді. Бетінде тұрғанын үш-төртеуін бүгін алатын шығар. Қалғандары қалады”, – деді ол Жиенбай Пірәлиевке.

Руслан Берденов ота кезінде өкпесінің 20 пайызы алынып тасталғанын айтты. Сөзінше, өкпесінің оң жағының астыңғы жағы бытыраға толы болған. 

“Өкпені сақтап қалу мүмкін болмады. Бес хирург те растай алады. Видеоларын маған жіберді. Мен атылдым. Дәлелін менен сұрап жатқаныңыз – мен үшін біртүрлі сұрақ. Әлі күнге дейін мен өзімнің денеме қарай алмаймын. Қанша жерім кесілген. Өзіңізге қызық болса, мен көрсетуге дайынмын. Келіңіз, көріңіз. Қай жерімде не кесілгенін көрсетем. КТ-да, рентген де бар”, – дейді Берденов.

21 сәуір күні Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің жараланғаны хабарланған еді. Оқиға орнында болғандар Берденовтің жүргізушісі құтқарып қалғанын, күдіктіні ұстауға көмектескенін айтады. Бұл оқиғадан соң, атысқа себеп болған түрлі нұсқадағы алып-қашпа әңгімелер тарай бастады. Біреу жұмыс барысында келіспеушілік туындағанын айтса, енді бірі Берденовтің күдіктінің жарына көз салғаны туралы айтты. Артынша Берденовтің таныстары мен Жиенбайдың туыстары тарап жатқан ақпараттың барлығы шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.