Абай облысындағы жол апаты: оқиға орнында үш бала қаза тапты

Qaz365.kz редакциясы

Тағы үшеуі ауруханаға жеткізілді

Иллюстративті фото

19 тамызда  Абай облысы, Үржар ауданы, Бестерек ауылында болған жол-көлік оқиғасына байланысты полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлады Qaz365.kz.

Алдын ала мәліметтер бойынша, «Toyota» маркалы автомашинаның 55 жастағы жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, үйдің қақпасының алдында, жолдан 10 метр қашықтықта тұрған кәмелетке толмаған балаларды қаққан.

Жол апаты салдарынан екі бала оқиға орнында қаза тапқан. Біреуі ауруханаға барар жолда көз жұмды. Кәмелетке толмаған тағы үш бала түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Зардап шеккен балалардың жағдайын Абай облыстық денсаулық сақтау басқармасы бақылауда ұстап отыр.

“Балалардың жағдайы өте ауыр, қажетті ем-дом жасалуда”, – деп хабарлады басқармадан.

Жүргізуші ұсталып, Үржар ауданының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Медициналық сараптама оның жол апаты кезінде есірткі мен ішімдік қолданбағанын көрсетті.

Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс жүргізіп жатыр. Қайғылы жағдайдың себептері мен мән-жайларын анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу амалдары атқарылып жатқанын хабарлады.

Президенттің тапсырмасы бойынша Абай облысы Үржар ауданында жол-көлік оқиғасының салдарынан зардап шеккен балаларға медициналық көмек көрсету үшін Қорғаныс министрлігінің С-295 әскери-көлік авиациясының ұшағымен құрамында реаниматолог, нейрохирург және травматолог бар медициналық бригада ұшқаны хабарланды.