Дәрігерлер үшінші баланың жағдайы да ауыр деп отыр.
Абай облысында жол апатынан зардап шеккен екі бала санавиация арқылы елордаға жеткізіліп, қазіргі таңда №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады, деп жазады Qaz365.kz.
21 тамыздағы жағдай бойынша Абай облысынан әкелінген балалардың халі әлі де өте ауыр. Екеуі де реанимацияда ем қабылдап жатыр, – делінген ресми мәлімдемеде.
Үшінші зардап шеккен бала Үржар аудандық ауруханасында қалдырылған. Дәрігерлер оның да жағдайын «өте ауыр» деп бағалап отыр.
Еске сала кетейік, 19 тамыз күні Абай облысының Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында 55 жастағы жүргізуші 6 баланы қағып кеткен еді. Қайғылы жағдай салдарынан үш бірдей бала қаза тапты. Қалған үшеуі ауыр жарақатпен ауруханаға түсті. Олардың екеуі 20 тамызда санавиациямен Астанаға жеткізілді.
Белгілі болғандай, апат кезінде көлік тізгініндегі ер адам жұбайымен бірге келе жатқан. Дереккөздердің айтуынша, оқиға алдында оның жүрегі қысылып қалған болуы мүмкін.