Жыл сайын облысқа 1 млн жуық туристер мен демалушылар келеді
Түркістан облысында 2 млн. астам халық тұрады. Өңірде күн жылығаннан бастап тауға шығып демалушы туристердің саны көбейеді, деп хабарлайды Qaz365.kz Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын облысқа келуші туристер мен демалушылардың саны 1 млн адамға жетеді. Оның ішінде тауға шығатын саяхатшылардың басым көпшілігі аймақтағы табиғаты ең көркем «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында демалады.
Алайда таудағы қауіпсіздік ережелерін сақтамаған альпинистер қиын жағдай тап болып жатады. Ал, мұндай жағдайларда көмекке келетін Төлеби ауданы, Леңгір қаласында орналасқан Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Жедел-құтқару жасағы бар.
Жасақтың қазіргі таңда штаттық саны – 42. Оның ішінде құтқарушылар – 34, судан құтқарушылар – 4, кинологиялық есеп – 4. Ресми мәліметтер бойынша, соңғы 5 жылдың көлемінде облыс аумағындағы таулы аймақтарда жалпы 37 рет іздестіру жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде 128 адам құтқарылған. Сондай-ақ, 11 адамның денесі табылған. Қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті алдағы уақытта демалушыларға тауда жүрудің қажет нұсқауларын ұсынады.