Құлсары қаласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 1200 орындық мектептің спорт залының төбесі опырылып түсті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Алдын ала себеп
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның мәліметінше, төбенің құлауына құрылыс материалдарын дұрыс сақтамау себеп болған. Атап айтқанда, спорт залының шатырына 6 тоннадан асатын ауыр материалдар қойылып, конструкцияға зақым келген.
Құрылыс барысы мен тексеру
Аталған нысанды «Turan Ascent» ЖШС салып жатыр. Мектеп 2025 жылдың соңында пайдалануға берілуі тиіс. Оқиғадан кейін тапсырыс беруші тарапынан комиссия құрылып, оған басшылықпен қатар техникалық және авторлық қадағалау өкілдері кірді. Сонымен қатар, жобалық шешімдерге сәйкестігін және конструкциялардың көтеру қабілетін тексеру үшін арнайы техникалық сараптама ұйымы тартылды.
Ресми ұстаным
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ:
– «Сараптама нәтижесі шыққаннан кейін қорытынды шешім қабылданады. Мердігер анықталған барлық кемшілікті жоюға міндетті. Біз «Келешек мектептері» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысында сапа мен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды басты қағида етіп ұстанамыз», – деп мәлімдеді.
Бұған дейін Маңғыстау облысы Құрық ауылындағы мектептің акт залында төбе құлағаны хабарланған болатын.