Оқушылар төбелесі: Шу ауданында 15 жастағы жасөспірім қайтыс болды

Qaz365.kz редакциясы

Жоғарғы сынып оқушысы дене жарақатын салған

Ашық дереккөздерден

Оқиға Жамбыл облысы, Шу ауданына қарасты Көкқайнар ауылында тіркелді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жамбыл облыстық полиция департамен жасөспірімнің өлімі туралы мәліметті растап, қылмысқа қатысы бар адамдар ұсталғанын, қазір тергеу басталғанын айтты.

"2025 жылдың 13 қыркүйегінде Шу ауданының полиция бөліміне 15 жастағы кәмелетке толмаған жасөспірімнің қайтыс болғаны туралы хабарлама келіп түсті. Анықталғандай, 2025 жылдың 12 қыркүйегінде шамамен сағат 20:00-де Көкқайнар ауылындағы спорт алаңында бір мектептің 10–11 сынып оқушылары арасында футбол ойыны кезінде ойын нәтижесіне байланысты жанжал туындап, сол кезде жоғарғы сынып оқушысы 10-сынып оқушысына дене жарақатын салған. Алған жарақатынан жасөспірім есін жоғалтып, жерге құлаған. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем бригадасы жәбірленушінің қайтыс болғанын тіркеді”, – делінген Qaz365.kz тілшісіне берген полиция мәліметінде. 

Айтуларынша, қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу шаралары жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.

Сонымен қатар білім басқармасы тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданып, психологиялық көмек көрсетілуде, профилактикалық жұмыстар күшейтілді, Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қатысуымен арнайы комиссия құрылды