Түркістан облысында қоғамды дүр сілкіндірген оқиға бойынша тергеу жалғасып жатыр. Қоссейіт Садақбаев ауылының 73 жастағы тұрғыны Есіркеп Садықбекұлы қайтыс болғаннан кейін оның денесі эксгумацияланып, сот-медициналық сараптама тағайындалды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ер адам 2-нен 3 қыркүйекке қараған түні көз жұмған. Ол өмірінің соңғы күндері дәрігерлердің бақылауында «жүрек гипертензиялық ауруы» және «омыртқа остеохондрозы» диагнозымен болған. Алайда тірі кезінде оның тарапынан дене жарақаттарына байланысты шағым түспеген.
«Марқұмның жақындары дер кезінде өлім фактісін хабарламағандықтан, медициналық қызметкерлер өлім туралы анықтама бере алмады. Қазір сараптама жүргізілуде, қорытындысы кейін жарияланады», – делінген басқарма түсіндірмесінде.
Марқұмның ұлына қатысты Қылмыстық кодекстің «Адам өліміне әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын салу» бабы бойынша іс қозғалды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сондай-ақ, оның жұбайына қатысты «Топ болып жасалған ұрып-соғу» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бұл оқиға көршілер әлеуметтік желіде жариялаған бейнежазбадан кейін көпшілік назарын аударды. Кадрларда ер адамның өз әкесін ұрып жатқан сәті түсіп қалған. Әйелі болса, еш әрекет жасамаған. Көп ұзамай қарияның көз жұмғаны белгілі болды.