Астанадағы KaRima кафесінде болған өрттен сегіз пәтер зардап шекті
Қала әкімдігінің мәліметінше, өрт 18 қыркүйекке қараған түні Достық көшесі, 12/1 мекенжайындағы сегіз қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында шыққан, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, алғашқы бөлімшелер келген сәтте жалын үйдің қаптамасына ауысқан. Әкімдік, ТЖД және полиция бірлесіп жедел штаб құрды. Өрт шамамен таңғы 05:00-де толық сөндірілді.
«Өртті сөндіру кезінде қиындық туғызғаны – өрт сөндірушілер келген сәтте жалын кең ауқымда таралып үлгергендігі, сондай-ақ ғимарат құрылысындағы ерекшеліктер, жоғары өрт жүктемесі мен қатты түтіндеу», – деп хабарлады ТЖМ.
Адам шығыны мен зардап шеккендер жоқ. Әкімдіктің дерегінше, сегіз пәтер бүлінген. Тұрғындар уақытша қала қонақүйлеріне орналастырылды, оларға жан-жақты көмек көрсетілетіні айтылды.
«Тәулік ішінде зардап шеккен пәтерлерді жөндеу және ғимараттың қасбетін қалпына келтіру жұмыстары басталады. Бұл шығынды KaRima кафесінің иелері мен әкімдіктің қолдауымен жабу жоспарланып отыр», – делінген қала әкімдігінің хабарламасында.
Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.