“Қолы байлаулы адам қалай өзін-өзі асады”: әскерде көз жұмған сарбаздың туған-туыстары ресми нұсқаға сенбейді

Qaz365.kz редакциясы

Олар әділ тергеуді талап етіп отыр

скриншот

Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Мәттібұлақ ауылындағы №01098 әскери бөлімінде көз жұмған сарбаздың денесі бүгін жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Әскерилер марқұмның отбасына оның өзіне қол жұмсағаны туралы хабарлаған. Алайда бұл нұсқамен туған-туыстары келіспейді.

“Әпкем барып көріп келді. Мойнында бір жіп асулы, қолы байлаулы дейді. Қолы байлаулы күйдегі адам қалай асылады? Ол мүмкін нәрсе ме? Ол мүмкін емес нәрсе. Айтыңдаршы, кім сенеді? Қолы оның үстіне қайырылып байланып тұрса, қалай адам былай өзін-өзі асады? Ауыздары барып қалай мүмкін емес нәрсені айтады”, – дейді марқұмның әпкесі Тоғжан Қошанбаева.

Анасы Бибінұр Қалтаева баласы өмір сүруге құштар болғанын айтты. Отан алдындағы борышын өтейін деп өзі барғанын есіне алды.

"Ал отан не істеді оған? Отан оны бес ай да қорғай алмады ғой”, – дейді ол.

Сарбаздың туған-туыстары Дінмұхамедті "өлген күйі асып қойған” деп тұспалдайды. 

"Оны мойнындағыіздерінің өзі айтып тұр. Мен   медицинадан хабарым бар адаммын. Мен білемін, тірі адам барып асылған белгі жоқ ол жерде. Алдымен өлтірген, одан кейін жауапкершіліктен қашып, қорқып, асып іліп қоя салған. Соның белгілерінің бәрі көрініп тұр сыртқы көзбен де.
 Он тоғызға осы тамыздың соңында келеді. 
"Иә, туылған күніме келесіз бе?” деді, кейін келмей-ақ қойыңыз” деді, – дейді анасы Бибінұр Қалтаева.

Қайтыс болған жігіттің әпкесі, Шымкент қаласының тұрғыны Енлік Қалтаеваның айтуынша, өткен жылдың күзінде әскер қатарына Даниял Шынарбек шақырылса, көктемде оның егізі Дінмұхаммед те әскерге аттанған. Бауырлар Отар гарнизонында бірге қызмет етуді қалаған. Алайда ант қабылдағаннан кейін Дінмұхаммедті кенеттен №01098 әскери бөліміне ауыстырып, егіздерді екіге айырған.

Қазір оқиғаға қатысты ресми тергеу жүріп жатыр. Құзырлы органдар экспертиза қорытындысы 20–30 күн ішінде белгілі болатынын айтты. Алдын ала берілген ақпарат бойынша, сарбаз өз-өзіне қол салған. Бірақ марқұмның туыстары бұған сенбейді, істің бұрмаланып кетуінен қауіптенеді.