Осы аралықта бес жарым мың бала жол апатынан жараланған
Бас прокуратураның ресми өкілі Саян Әбденов жол апатынан қанша бала көз жұмып, қанша бала жараланғанын хабарлады, деп жазады Qaz365.kz.
Әбденовтің мәліметінше, 2025 жылдың алты айында Қазақстанда 8,5 млн әкімшілік құқық бұзу фактісі тіркелген. Соның ішінде 7 млн іс көлік жүргізушілеріне қатысты болған. Ал алты айдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғаларынан 5,5 мыңнан астам бала зардап шеккен.
“Осы аралықта 135 бала қаза тапты”, - дейді Саян Әбденов.
Ресми статистикаға сүйенсек, алты айда 11 мыңнан астам адам көлікті мас күйде басқарған. Олардың 158-і жол-көлік оқиғасын жасап, салдарынан 282 адам зардап шексе, 17 адам қаза болған.
Қазақстанда кейінгі айларда жол апаты фактілері қоғам назарын аудара бастады. Маңғыстау облысында жақында 10 адам жол апатынан ажал құшқан. Дәл сондай оқиға Қарағанды облысында да тіркелді. Қазавтожол осы ретте жол апатттары кейінгі кезде тегіс жолдарда болып жатқанын хабарлайды.