«Баламды өлтірген бесеудің екеуі бостандықта». Шу ауданының тұрғыны президентке үндеу жасады

Qaz365.kz редакциясы
скриншот

Жамбыл облысы, Шу ауданына қарасты Көкқайнар ауылында ауыр қылмыс тіркелді. Жергілікті тұрғын, көпбалалы ана Жазира Есенәлиева Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық үндеу жолдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ол 10-сыныпта оқитын ұлының сыныптастарының соққысының салдарынан қаза тапқанын айтып, кінәлілердің барлығына қатаң шара қолдануды сұрайды.

Жазира Есенәлиеваның айтуынша, қайғылы оқиға 2025 жылдың 12 қыркүйегінде болған. Баласын 11-сынып оқушылары бірнеше рет телефон шалып, далаға шығуға мәжбүрлеген. Кейін оны мәдениет үйінің артына апарып, бес бала кезек-кезек соққыға жығып, қорлаған.

Куәгер ретінде болған кіші ұлының сөзінше, үлкен сынып оқушылары оның көзінше бауырын аяусыз ұрып-соққан. Жәбірленушінің жан дауысына қарамастан, жасөспірімдерді тоқтатпаған. Кейін оны дүкенге жұмсап, ішімдік алдырып, тағы бірнеше рет ұрған.

«Ұлымды кеудесінен қайта-қайта ұрып, жүрек тұсынан соққы жасаған. Соның салдарынан ол оқиға орнында мерт болды. Бес баланың үшеуі ғана қамауға алынды, ал екеуі әлі күнге дейін ештеңе болмағандай мектепке барып жүр. Олар бұған дейін де балаларымды ақша әкелуге, тамақ пен ішімдік әперуге мәжбүрлеп келген», – деді зар жылаған ана.

Жамбыл облыстық полиция департаменті жасөспірімнің өлімі туралы ақпаратты растады.

«2025 жылдың 13 қыркүйегінде Шу ауданы полиция бөліміне 15 жастағы жасөспірімнің қайтыс болғаны туралы хабар түсті. Тергеу барысында 12 қыркүйек күні Көкқайнар ауылындағы спорт алаңында 10 және 11-сынып оқушылары арасында футбол ойыны кезінде жанжал шыққаны анықталды. Жанжал кезінде жоғарғы сынып оқушысы 10-сынып оқушысына дене жарақатын салып, ол есінен танып құлаған. Жедел жәрдем оқиға орнында оның қайтыс болғанын тіркеді, – делінген полиция хабарламасында.

Қазір тергеу амалдары басталды, қосымша мәлімет тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.

Білім басқармасының әрекеті

Облыстық білім басқармасы тарапынан:

  • психологиялық көмек көрсетілуде;
  • профилактикалық жұмыстар күшейтілді;
  • Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қатысуымен арнайы комиссия құрылды.

Анасының өтініші

Жазира Есенәлиева Президенттен істің әділ қаралып, қылмысқа қатысы бар барлық оқушының жауапқа тартылуын талап етті.

«Менің бар үмітім – сізде, құрметті Президент мырза. Көпбалалы ана ретінде сізден көмек сұраймын. Ұлымды өлтіргендердің бәрі жазалансын. Қалған екі оқушы неге мектепке қайта барады? Олар менің баламды жүйелі түрде қорлап, ақша талап етіп келген. Осыны ескеріңіз», – деді ол.