Құралбаевтар отбасы істің әділ қаралуын және барлық кінәлілердің толық жауапқа тартылуын талап етуде
Түркістан облысында 30 жастағы Азиз Құралбаевтың өліміне қатысты сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қанды оқиғаға қатысты төрт айыпталушы сотталды:
Үшеуі – 3 жылға бас бостандығынан айырылды,
Біреуі – 8 жылға сотталды.
Ал күдіктілердің алтауынан тек төртеуі ғана жауапқа тартылды. Екеуіне жеңіл айып тағылып, екеуі мүлдем бостандықта қалды.
Марқұмның туыстары сот шешімімен мүлде келіспей отыр.
«Бауырымды алты адам жабылып азаптап өлтірді. Ал сот небәрі 3 жылдан 8 жылға дейін жаза беріп отыр. Бұл әділдік емес. Тергеуде көп қателік кетті, кейбір дәлелдерді елемеді», – дейді ағасы Айрат Құралбаев.
Оқиға 2023 жылдың ақпанында Мақтаарал ауданында болған. Жұмыстан кейін серуенге шыққан Азиз Құралбаевқа алты жігіт жабылып, аяусыз ұрып-соққан. Олар марқұмның аузына арақ құйып, денесін темекімен күйдірген.
Азиз ауыр жарақат алып, үш ай бойы комада жатты. Дәрігерлердің бар күш-жігеріне қарамастан, ол есін жимай көз жұмды.
Марқұмның туыстарының айтуынша, Азиз тамыз айында 29 жасқа толып, үйленуге дайындалып жүрген. Алайда жеке қатынастардағы кикілжің мен кекшілдік осындай қайғылы жағдайға себеп болған.
Бұл іс қоғамда үлкен наразылық туғызды. Құралбаевтар отбасы істің әділ қаралуын және барлық кінәлілердің толық жауапқа тартылуын талап етуде.
«Алтау бір адамға жабылған – бұл сұмдық. Олардың екеуі қалайша куәгер болып қалады? Бұл әділетсіздік», – дейді марқұмның туыстары.