Әділовтің айтуынша, тергеу барысы ІІМ бақылауына алынған.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Түркістан облысында қарт әкесін аяусыз ұрып-соғып, оның өліміне себепкер болған ер адамға қатысты тергеу барысын түсіндірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның айтуынша, күдікті азамат қамауға алынып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, күдіктінің жарына қатысты да қылмыстық іс тіркелген.
«Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауда отыр. Тергеу жүріп жатыр. Әйеліне қатысты да іс қозғалды, оған да тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу кезінде олардың балалары туыстарының қолында тұрып жатыр. Іс толық тергелгеннен кейін сотқа жолданады», – деді вице-министр.
Әділовтің айтуынша, тергеу барысы ІІМ бақылауына алынған.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Түркістан облысында ер адамның әкесін аяусыз сабап жатқан видеосы тараған еді. Кейіннен қарияның қайтыс болғаны белгілі болды. Сосын көршілері түсірген бейнежазбалар қылмыстық іс үшін негізгі айғаққа айналды.
Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, қарттарға жасалған қатыгездікке қатысты жұртшылық алаңдаушылық білдіруде.