Жасөспірімнің нағашы әпкесі эксклюзив сұхбат берді
Алматы облысында Шекара қызметінің қатардағы сарбаз қайтыс болды. 18 жастағы Нұрасыл Ануар бар болғаны бір апта бұрын ғана әскерге шақырылған еді. Оның өліміне қатысты алдын ала ресми нұсқада «менингококцемия» диагнозы көрсетілгенімен, отбасы бұл қорытындыға сенбей отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қайғылы оқиға 5 қазан күні Алматы облысы бойынша Шекара қызметі департаментінің медициналық қамтамасыз ету бөлімінде болған. Туыстарының айтуынша, Нұрасыл 27 қыркүйекте мерзімді әскери қызметке шақырылып, Қарасай шекара бөлімінде борышын өтей бастаған. Бір апта өтпей жатып, қаралы хабар жеткен.
Марқұмның нағашы әпкесі Динара Мейрамбекқызының айтуынша, жас сарбаз әскерге бармас бұрын да, барғаннан кейін де өз-өзіне ешқандай шағым білдірмеген. Отбасы оның өліміне нақты не себеп болғанын анықтауды талап етіп отыр.
«Нұрасыл сап-сау еді. Әскерге үлкен ниетпен, арманмен кетті. Бірақ небәрі жеті күннен кейін “қайтыс болды” деген хабар алдық. Бізге ресми түрде “менингококцемиядан көз жұмды” деді. Бірақ бұл диагнозға сену қиын. 12 сағаттың ішінде осындай хабар келіп тұр — бұл күмән тудырады», – дейді марқұмның нағашы әпкесі.
18 жастағы сарбаздың асқақ арманы бар еді. Тіпті ол сол мақсаттарын қағаз бетіне түсіріп жүрген.
Ол үйдің кенжесі еді. Ағасы мен әпкесі бар. Нұрасыл кішкентайынан-ақ армандарын қағазға жазып жүретін. Әскерге кетердің алдында да дәптеріне он шақты арманын тізіп жазыпты. «Еліме қызмет етемін, әкеме көлік алып беремін, жүргізуші куәлігін аламын» деп жазған.
Өзі өте ақкөңіл, жайдары, көңілді бала болатын. Ортада бәрімен тез тіл табысып, адамдардың көңілін көтеріп жүретін. Ән айтқанды ұнататын, үнемі позитивті жүретін. Анасын қатты жақсы көрді, бірақ ол кісі өмірден өткенде Нұрасылға өте ауыр тиді. Содан кейін бар үмітін, бар сүйенішін әкесіне арнады. «Әкеме көлік алып беремін» деген арманы сол себепті шығар, - дейді ол.
Әскерге үлкен құлшыныспен, мақтаныш сезіммен аттанған Нұрасылдың менингококцемия дертіне шалдығып көз жұмғаны туралы хабар жақындарының қабырғасын қайыстырды. Алайда отбасы бұл нұсқаға сенбейді. Марқұмның нағашы әпкесі жан-жақты әрі әділ тергеу жүргізіліп, оның өліміне нақты не себеп болғанын анықтауды талап етіп отыр. Ол тиісті органдардан істі ашық қарап, кінәлілер болса жауапқа тартуды сұрайды.
Нұрасыл әскерге өз еркімен барды. Алматы қаласына өзі барғысы келетінін айтты. Ақпаратты да өзі іздеп, «Алматы жақсы жер екен» деп осы өңірді таңдаған. Ешкім оған «әскерге бар» деп айтқан жоқ, бәрі өз қалауымен болды. Көңіл күйі көтеріңкі еді. Сол күні оны ағасы өзі шығарып салған.
5 қазан күні сағат 16:30 шамасында Нұрасыл ағасына хабарласқан. Сол кезде денсаулығына қатысты ешқандай шағым айтпаған. Ал дәрігерлердің айтуынша, менингококцемияның алғашқы белгілері — әлсіздік, дене қызуының көтерілуі және жағдайдың күрт нашарлауы. Бірақ Нұрасылда мұндай белгілер байқалмаған.
«Егер расымен сол ауру болса, ол кем дегенде бір тәулік бұрын сезілуі керек еді. Бірақ бізге ешкім оның ауырғанын хабарлаған жоқ. Ертең сараптама нәтижесінен нақты себебін білеміз», – дейді марқұмның нағашы әпкесі.