ШҚО-да ауыл әкімі тұрғындарға былапыт сөз айтып, дүрсе қоя берген: облыс билігі шара қабылдады

Qaz365.kz редакциясы

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Шілікті ауылдық округінің әкімі Қуаныш Төлеуханның тұрғындармен өте дөрекі сөйлескен видеосы кешеден бері әлеуметтік желіге тарап кетті

Әкім алдына келген адамдармен сөзге келіп қалған. Оларға қатты айғайлап, дүрсе қоя берген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Видеода көрінгендей Қуаныш Төлеуханның алдына бірнеше адам келіп, мәселелерін алдына кесе-көлденең тартқан. Алайда екі тарап бір сөзге келе алмай, айтыса жөнеледі. Бір уақытта әкім “кетіңдер на...” деп, тұрғындарға дүрсе қоя береді. 

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Зайсан ауданындағы ауыл әкімі түсірілген, бейәдеп сөздер қолданылған бейнежазба анықталғанын растайды. Осыған байланысты ауыл әкімінен ресми түсініктеме талап етілген.

«Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бұл материалдарды Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Әдеп жөніндегі кеңесіне жолдады. Онда қызметтік әдеп нормаларының бұзылу мәселесі қаралады. Мұндай әрекеттерге жол берілмеуі тиіс. Облыс басшылығы былапыт сөз қолдануға, әдепсіз қылық танытуға түбегейлі қарсы. Осы ретте, этикалық нормаларды бұзған мемлекеттік қызметшілерге қатаң жаза қолданылатынын ескертеміз», - дейді облыс әкімдігі.