Ресми мәлімет бойынша, сарбаз жанармай буына уланып көз жұмған
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі ақпаратына сәйкес, 7 қазан күні Маңғыстау облысы бойынша Шекара қызметі департаментінде мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбаз мерт болған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ресми мәлімет не дейді
Қайғылы оқиға 2025 жылдың 6 қазанында «Үстірт» шекара бекетінде болған. Кешкі сағат 21:10 шамасында бөлімше басшысы сарбазға дизель генераторының радиаторын жуу үшін қоймадан бензин алып келуді тапсырған. Алайда бұл тапсырманы орындау кезінде сарбаз жанармай буымен уланып, есінен танып қалған.
Оны 10 минуттан кейін бөлімнің басқа әскери қызметшісі байқап қалған. Алғашқы көмек көрсетілгенімен, жағдайы тым ауыр болып, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
“Бұлай болады деп ойлаған жоқпын”
Qaz365.kz порталына қаза болған сарбаз Еркебұлан Сағындықтың мерзімді әскери қызмет аяқталған соң отау құрғалы жүрген қызы Ақниет Мұхан хабарласты.
“Еркебұлан 2025 жылдың 19 наурызында өзі сұранып, әскерге кеткен болатын. Алматыда үш ай учебкада болып, 28 маусымда Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Үстірт шекара бөліміне түскен. Сарбаздарды жан-жаққа бөлген кезде Еркебұлан сол жаққа кетті. Ол Алматыда жүрген кезде жағдайы жақсы еді. Сөйлесуіміз оңай, тамағы жақсы деп айтатын. Мүлде ақша сұрамайтын. Үстіртке қалай кетті – жағдайы нашарлап кетті. Сөйлескен сайын “қиналып кеттім, қиналып кеттім” деп айтатын. “Әскерге келмейтін едім” деп қайта-қайта айта беретін. Мен дәл мұндай жағдай болады деп ойлаған жоқпын. Егер осындай жағдай болғанын білгенде бәріне жан-жақтан хабар беретін едім. “Бұл жақ жаман екен, жаман жерге түстім” деп айтатын”, – дейді Ақниет.
Ақниет Еркебұлан әскерде жүргенде қомақты ақша сұрай бастағанын айтады. 10, 20 мың теңгеден сұраған кездері болған.
“Бірақ не үшін сұрайтынын айтпайтын. 6 қазан күні радиаторды жуу үшін бензин алуға кеткен. Сол жерде есінен танған. 10 минуттан кейін оны басқа әскери қызметкерлер ес-түссіз жатқан жерінен тауып алған. Сол жердегі 17 баланың қасында көрсететін бірде-бір дәрігер болмаған. Еркебұланды сағат 09.00-10.00 шамасында тапса, дәрігерлер Ақтаудан сағат 15.00-де тікұшақпен ұшып келген. 16.00-де біз хабарын естідік. Анасына хабарласып, “балаңыздан айырылып қалдық, бензиннен уланды” деген. Қазір оның денесін ұшақпен алып келе жатыр”, – дейді Ақниет.