Алматыда бір топ адам 18 жастағы жігітті соққыға жыққан: полиция тергеуді бастады

Qaz365.kz редакциясы

Әйелдің айтуынша, оның ұлына мас ер адамдар шабуыл жасаған.

іnstagram.com/marzhanbotbaeva

Алматы тұрғыны өз ұлының аяусыз соққыға жығылғанын мәлімдеді. Оқиға 11 мен 12 қазанға қараған түні Төле би көшесіндегі «Шашлыкоff» кафесінің маңында болған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Әйелдің айтуынша, оның 18 жастағы ұлына мас ер адамдар шабуыл жасаған.

Бірінші соққыдан кейін ол есінен танып қалған, бірақ соған қарамастан, оны басынан ұрып-соғып, тепкілей берген. Шабуылдаушылардың саны шамамен 15-20 адам болған. Алайда қазіргі мәлімет бойынша, олардың үшеуі ғана ұсталған, - дейді анасы.

Алмалы аудандық полиция басқармасы қасақана денсаулыққа зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде оқиғаға қатысы бар адамдардың барлығы анықталып, ұсталды. Қазір олардың әрқайсысының кінәсін және оқиғаның нақты мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде, - деді ведомство өкілдері.

Полиция барлық кінәлі тұлғалар заң бойынша жауапқа тартылатынын атап өтті.

Істің тергеу барысы Алматы қалалық Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.