Ақтөбе облысында босанған 14 жастағы оқушы қыздың жағдайына қатысты билік өкілдері түсініктеме берді. Ресми мәліметке сәйкес, қыз бала толық емес отбасында өсіп келеді – анасымен бірге тұрады, отбасыда үш қыз тәрбиеленуде, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы Бұлбүл Күзембаева Qaz365.kz тілшісіне берген сұхбатында дәрігерлер үш рет тексеру жүргізгеніне қарамастан, жүктілікті дер кезінде анықтай алмаған 9-сынып оқушысына қатысты жағдайды түсіндірді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта қыз баланың жағдайы тұрақты, ол дәрігерлердің бақылауында.
«Өкінішке қарай, өңірімізде осындай жағдай орын алды. Қазіргі таңда қыз баланың жағдайы тұрақты, ол қажетті медициналық көмек алып жатыр, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы онымен жеке кездесіп, жағдайының қанағаттанарлық екенін растады. Оқушыға психолог бекітілді, мамандар жұмыс жүргізіп жатыр», – деді Күзембаева.
Ол атап өткендей, мектеп пен жергілікті білім бөлімдерінің қызметіне қатысты арнайы комиссия құрылып, екі күннен бері ауданда тексеріс жүргізуде.
«Комиссия барлық мән-жайды анықтап жатыр. Нәтижесінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады», – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар Бүлбүл Күзембаеваның айтуынша, құқық қорғау органдары да істің барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
«Қазір ішкі істер қызметкерлері тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр. Тергеу барысы туралы ресми ақпарат қосымша таратылады», – деп толықтырды ол.
Белгілі болғандай, қыз бала анасының тәрбиесіндегі үш қыздың бірі.
Бұған дейін облыстық білім басқармасы хабарлағандай, оқушы қыз наурыз, мамыр және қыркүйек айларында медициналық тексеруден өткен, алайда дәрігерлер жүктілікті анықтамаған.
Қыз босанғаннан кейін қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті – қыздың әжесінің күйеуі, ол қамауға алынған.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы дәрігерлердің не себепті жүктілікті дер кезінде анықтай алмағанын тексеру үшін қызметтік тергеу мен арнайы жұмыс тобын құрды.