Алматы тұрғындарына жер сілкінісі туралы хабарлама жіберілді

Qaz365.kz редакциясы
Zakon.kz

Бүгін Алматы тұрғындарының ұялы телефондарына жер сілкінісі жөнінде ескерту хабарламасы келіп түсті. Онда қауіпсіздік мақсатында ғимараттан шығу қажеттігі айтылған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, сілкініс сағат 12:20 кезінде тіркелген.

«Жер сілкінісінің эпицентрі Алматыдан 136 шақырым қашықтықта, Қырғызстан аумағында орналасқан. Магнитудасы – 4,9, тереңдігі – 10 шақырым. Алматыда сілкініс сезілген жоқ», – деп мәлім етті ТЖМ өкілдері.

Мұндай ескертулер Mass Alert атты автоматты жүйе арқылы жіберіледі. Бұл жүйе Алматыда жер сілкінісі 5 баллдан жоғары болған жағдайда тұрғындарға дереу хабарлама таратады.

Мұндай технологияның басты мақсаты – жер сілкінісі кезінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайдың алдын алу.