Жаңаөзендегі оқушы қыздардың төбелесіне қатысты Оқу-ағарту министрлігі пікір білдірді

Qaz365.kz редакциясы

Оқушылардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды

видеодан кадр

Жаңаөзен қаласында оқушы қыздардың қатысуымен болған екі төбелестен кейін ата-аналар әкімшілік жауапқа тартылды. Бұған қатысты Оқу-ағарту министрлігі Qaz365.kz-ке ресми пікір білдірді.

Ведомствоның мәліметінше, оқиға сабақтан тыс, кешкі уақытта болған.

– Аталған оқиғаға байланысты Маңғыстау облыстық білім басқармасынан арнайы комиссия құрылды. Қазіргі уақытта Жаңаөзен қалалық полиция басқармасы әкімшілік іс қозғады. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабына сәйкес, оқушылардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады министрлік.

Сонымен қатар бұл мәселе Жаңаөзен қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында қаралатын болады.

Еске салайық, 18 қазанда Жаңаөзенде екі оқушы қыздың арасында төбелес болып, оның видеосы әлеуметтік желіде тараған еді. Полиция дерегінше, алдымен бір қыз сыныптасын ұрып-соққан, кейін екінші төбелесте өзі де жәбірленушіге айналған. Барлық қатысушылар ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізілді, ал ата-аналарға 10 айлық есептік көрсеткіш (36 920 теңге) көлемінде айыппұл салынды.