Шерзат Полаттың отбасы жаңа үйге көшті

Qaz365.kz редакциясы

Үй демеушілердің қолдауымен тұрғызылған

видеодан кадр

Талғар қаласында былтыр қайғылы оқиға кезінде өмірден өткен 16 жастағы Шерзат Полаттың отбасы жаңа баспанаға қоныстанды. Бұл туралы марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымовтың адвокаты Мейірман Шекеев әлеуметтік желіде мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

– Әуелі Аллаға, кейін Асқар мен Асхат бауырларымыздың жомарттығына, Алматы облысы әкімдігінің қолдауына және халықтың дұғасына алғыс айтамын. Осы бірліктің арқасында Қаржаубайдың отбасы жаңа үйге кірді. Гүлбарам ханымның жүзінен күлкі мен қуанышты көру – біз үшін ең үлкен бақыт болды, – деп жазды заңгер.

Мейірман Шекеевтің айтуынша, үй демеушілердің қолдауымен тұрғызылған. Көптеген азамат материалдық көмек ұсынғанымен, Шерзаттың әкесі халықтан қаржы қабылдаудан бас тартқан.

Адвокат жаңа үйдің жалпы аумағы шамамен 130 шаршы метр екенін атап өтті.

Еске салайық, 2024 жылдың қазан айында Талғарда түнгі төбелес кезінде 16 жастағы Шерзат Полат көз жұмған еді. Тергеу нәтижесінде жанжалдың «сыра үшін» басталғаны анықталды.

Қайғылы оқиғадан кейін бір апта өткен соң отбасының үйі өртеніп кетті, ал желтоқсан айында Шерзаттың 30 жастағы ағасы өз-өзіне қол жұмсаған.

2025 жылдың 5 маусымында сот басты айыпталушы Абзал Шынасылды 23 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.