Сібір жарасынан қауіп бар ма - Алматы облысы әкімдігінде түсінік берді

Qaz365.kz редакциясы

Архивтік материалдар мен жиналған деректер талданып жатыр

pexels.com

Алматы облысының Іле ауданына қарасты Байсерке ауылында орналасқан сібір жарасы көміліміне қатысты жағдайға облыс әкімдігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ресми ақпаратқа сәйкес, елді мекен тұрғындарына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Көмілім Байсерке ауылдық округінің аумағында, «Транспетролеум» ЖШС-не тиесілі жер телімінде орналасқан. Архив деректеріне сай, мұнда 1958 жылы бір ірі қара, ал 1968 жылы екі жылқы көміліпті. Нысанның айналасында радиусы 1000 метр болатын санитарлық-қорғау аймағы белгіленген. Бұл аумақ Байсеркенің бір бөлігін және Талғар ауданына қарасты Кіші Байсерке ауылындағы кейбір жерлерді қамтиды.

Әкімдік мәліметінше, тұрғын үйлерді көшіру немесе ғимараттарды бұзу мәселесі қарастырылмайды. Қазіргі уақытта жергілікті халық үшін эпидемиологиялық қауіп жоқ.

Мәселені зерттеу және қауіпсіздік шараларын анықтау мақсатында Іле ауданы әкімінің 2025 жылғы 6 қазандағы өкімімен арнайы жұмыс тобы құрылған. Оған аудан әкімінің орынбасары жетекшілік етеді. Топ құрамында ветеринариялық қызмет, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, жер қатынастары және сәулет бөлімдерінің мамандары, сондай-ақ Қазақ ветеринариялық ғылыми-зерттеу институтының сарапшылары бар.

Қазір жұмыс тобы ғылыми мамандармен бірлесіп зерттеу жүргізіп жатыр. Екі рет отырыс өткізіліп, көмілімнің нақты орнын айқындау мен санитарлық-қорғау аймағын нақтылау жөнінде ұсыныстар әзірленген.

Архивтік материалдар мен жиналған деректер талданып жатыр. Алдағы бір ай ішінде жұмыс тобы қорытынды шешім қабылдап, қажетті шараларды бекітеді. Сонымен бірге, Іле ауданы әкімінің 2016 жылғы сібір жарасы көмілімдері туралы шешіміне өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.