Тағы бір қалада ата-аналарды мектептерге шабуыл жасалады деген қауесет дүрліктірді

Qaz365.kz редакциясы

Осындай мазмұндағы қауесеттер бұған дейін Ақтауда да тараған еді.

Егор ПОБЕРЕЙ

Ақтөбе облысының полиция департаменті мессенджерлер мен анонимді Telegram-арналарда тараған мектептерге қарулы шабуыл туралы хабарламаларға түсініктеме берді. Ресми дерекке сәйкес, бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Белгісіз авторлар бірнеше білім ордасының атын атап, «балаларға қастандық жасалады» деген мазмұндағы жалған жазба таратқан.

«Терроризм актісі туралы әдейі жалған хабар тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ақпаратты таратқан адамдарды анықтау бағытында жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Күдіктілер жақын уақытта ұсталып, жауапқа тартылады», – делінген полиция мәлімдемесінде.

Құқық қорғау органдары тұрғындардан жалған ақпаратқа сенбеуді және дүрбелең тудырмауды сұрады.

Айта кетейік, осындай мазмұндағы қауесеттер бұған дейін Ақтауда да тараған еді. Сол кезде де полиция ақпаратты жоққа шығарғанымен, келесі күні оқушылардың жартысы сабаққа келмей қалған болатын.