«Үйдің шатыры опырылып түскен»: Түркістан облысындағы өрттің себебі анықталып жатыр

Qaz365.kz редакциясы

Өрт кезінде үйде екі отбасы болған

pixabay

Түркістан облысының Жетісай ауданындағы Алғабас ауылында болған өрт салдарынан 12 адам, соның ішінде 9 бала көз жұмды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, тілсіз жау таңғы уақытта екі қабатты тұрғын үйде тұтанған. Өрт кезінде үйде екі отбасы болған. От тез тарап, көп ұзамай үйдің шатыры опырылып түскен.

Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева мәлімдегендей, қазір оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметі мен психологтар тобы жұмыс істеп жатыр.

«Өрт кезінде үйдің шатыры құлаған. Ішінде ата-аналар мен балалар болған. Қазір барлық мән-жай анықталып жатыр», – деді ол.

Көршілердің айтуынша, алдыңғы күні үйде отбасылық шара өткен, сол себепті қонақтардың біразы түнеп қалған. Өрт кезінде үш адам ес-түссіз күйде құтқарылып, ауруханаға жеткізілген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болғандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты. Президент Үкімет пен облыс әкімдігіне жәбірленушілерге барлық қажетті көмек көрсетіп, өрттің себебін мұқият тергеуді тапсырды.

Қазір оқиға бойынша тергеу басталды. Оқиға орнында полиция, прокуратура және төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жұмыс істеп жатыр.