Астанада қызмет бабында ауыр жарақат алған фельдшер көз жұмды

Qaz365.kz редакциясы

Дәрігерлер оның өмірін аман сақтап қалу үшін он күн бойы күресті

Астанада 8 қараша күні Тәуелсіздік даңғылында болған қайғылы оқиға кезінде ауыр жарақат алған 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан ауруханада көз жұмды. Дәрігерлер оның өмірін аман сақтап қалу үшін он күн бойы күресті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, Ұлдана 18 қарашада қайтыс болған.

«Қайғылы хабарды терең күйзеліспен қабылдадық. Қызмет бабында ауыр жарақат алған фельдшер Ұлдана Мырзуан жансақтау бөлімінде көз жұмды. Дәрігерлер барлық қажетті көмекті көрсеттті. Алайда алған жарақаттары ауыр болғандықтан, оны аман алып қалу мүмкін болмады», – делінген ведомствоның ресми хабарламасында.

Қайғылы оқиға 8 қараша күні болған. Тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбеті мен кондиционері опырылып, төменге құлаған. Сол сәтте көшеде адамдар жүрген, бес адам жарақат алған.

Куәгерлердің айтуынша, Ұлдана сол маңда болған оқиғаны көріп, зардап шеккен әйел мен баланы құтқаруға бірінші болып жүгірген.

«Ұлдана бір сәт те ойланған жоқ. Әйел мен баланы шығарып алуға ұмтылды. Сол кезде бәрі құлап, тікелей соның үстіне түсті», – деді марқұмның ағайыны.

Оқиға бойынша полиция Қылмыстық кодекстің 278-бабы («Құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу») және 306-бабы («Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету») бойынша іс қозғаған.

Қазір оқиғаның себептері мен жауапты тұлғалар анықталып жатыр.