Жетісайдағы өрт: үш науқастың бірі есін жиды, жағдайы тұрақты

Qaz365.kz редакциясы
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпықар Жолдасов Алғабас ауылындағы қайғылы өрттен аман қалғандардың жағдайына қатысты соңғы мәлімет берді. Оның айтуынша, жансақтау бөлімінде жатқан үш адамның бірі есін жиған, қалған екеуінің де жағдайы тұрақты, бірақ ауыр деп бағаланады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Үшеуі де аман, барлығы қазір реанимацияда жатыр. Бір адам өзіне келді. Жағдайлары тұрақты болғанымен, әлі де бақылауда. Денсаулық сақтау министрлігімен байланыстамыз, қажет болған жағдайда санавиация арқылы Астанаға жеткізу мәселесі қарастырылып жатыр», – деді Зұлпықар Жолдасов.

Ол сондай-ақ өрттің шығу себебі бойынша арнайы сарапшылар мен тергеушілер жұмыс істеп жатқанын айтты. Алдын ала деректерге қарағанда, газ қазандығының апатқа қатысы жоқ, бірақ түпкілікті қорытындыны мамандардың сараптамасы анықтайды.

«Қазір тергеу жүріп жатыр. Сарапшылар нақты себебін анықтайды. Алдын ала айтуға болмайды», – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Зұлпықар Жолдасовтың айтуынша, облыс әкімдігі мен тиісті органдар қаза тапқан отбасыларға жан-жақты көмек көрсетіп жатыр.

«Психологиялық және медициналық қолдау ұйымдастырылды. Барлық әлеуметтік шығынды облыс әкімдігі өз мойнына алады. Үйдің өртенген бөлігіне қатысты да шаралар қабылданады», – деді ол.

Өңір басшысы Нұралхан Көшеров пен облыстық деңгейдегі барлық қызметтер жерлеу рәсіміне қатысып, туыстарына көңіл айтқан.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға Жетісай ауданының Алғабас ауылында 18 қараша күні түнде болған. Екі қабатты тұрғын үй өртеніп, 12 адам, оның ішінде 9 бала қаза тапқан. Өрт туралы хабар 5:38-де түсіп, өрт сөндірушілер 6 минутта оқиға орнына жеткен.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен арнайы үкіметтік комиссия құрылып, барлық құзырлы органдар өрттің себебін анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.