Жетісайдағы өрттен кімдер аман қалды

Qaz365.kz редакциясы

Тілсіз жаудан үш адам тірі қалған

Видеодан кадр

Түркістан облысының Жетісай ауданындағы Алғабас ауылында болған сұмдық өрттен бір отбасының үш мүшесі ғана тірі қалды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Аман қалғандар – 39 жастағы ер адам, 34 жастағы әйелі және олардың 7 жастағы қызы. Қазір үшеуі де ауруханада, жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, олардың біреуі есін жиған, жағдайлары тұрақты.

Қайғылы оқиға 17 қарашадан 18 қарашаға қараған түні болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, өрт кезінде үйде екі отбасы болған. Жалын бір мезетте бүкіл ғимаратты шарпып, 15 адам отқа оранған.

Өкінішке қарай, бір әулеттің 12 мүшесі көз жұмды. Қаза тапқандардың арасында 9 бала мен 3 ересек бар.

Бұған дейін полиция 60 жастағы әйел мен оның 39 жастағы ұлы және 7 жастағы немересі аман қалды деп хабарлаған еді. Алайда кейін Денсаулық сақтау министрлігі әжейдің көз жұмғанын, ал бір жанұяның үш мүшесі – ерлі-зайыптылар мен қыздары тірі қалғанын нақтылады.

Белгілі болғандай, аман қалған отбасы туыстарының үйіне тойдан кейін қонаққа келіп, түнеген.

Қазір олардың өмірі үшін дәрігерлер күресіп жатыр. Зардап шеккендерге қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетілуде.

Еске сала кетейік, өрт кезінде үйдің шатыры опырылып, екі қабатты ғимарат толықтай өртеніп кеткен. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, өрттің шығу себебі анықталып жатыр.