Алғабастағы апаттың артында не тұр: Үкіметтік комиссия жұмысқа кірісті

Qaz365.kz редакциясы
primeminister.kz

Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында болған жантүршігерлік өрттен кейін қаза тапқандардың отбасыларына мемлекет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетілетін болды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Вице-премьердің айтуынша, қайғылы оқиға 18 қараша күні таңғы 05:36-да болған. Екі қабатты тұрғын үй түгелімен өртеніп, шатыры опырылып түскен.

«Өрт сөндіру қызметі оқиға орнына дереу жетті, жалын сағат 07:22-де толық сөндірілді», – деді Қанат Бозымбаев.

Өрт салдарынан 12 адам қаза тапқан, олардың тоғызы – бала. Тағы үш адам ауыр жарақат алып, қазір Жетісай аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде емделіп жатыр.

Қазір оқиға орнында тергеу шаралары жүргізілуде, өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

«Әзірге қылмыстық құрам жоқ. “Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу” бабы бойынша (Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі) сотқа дейінгі тергеу басталды», – деді Бозымбаев.

Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша Қанат Бозымбаев арнайы үкіметтік комиссия отырысын өткізген. Комиссия қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету, жерлеу рәсімін ұйымдастыру, сондай-ақ мұндай жағдайлардың алдын алу шараларын күшейту бойынша нақты тапсырмалар берген.

Қазір оқиға мемлекеттік деңгейде бақылауда, ал қаза тапқандардың отбасыларына әлеуметтік, медициналық және психологиялық қолдау көрсетіліп жатыр.