Ақтөбеде ер адам әйелін өлтіріп, кейін өзіне қол жұмсаған

Qaz365.kz редакциясы

Ақтөбе облысында іздеу жарияланған ерлі-зайыптының денелері табылды. Бұл ақпаратты облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

20 қараша күні еріктілер әлеуметтік желілерде 1986 жылы туған әйел мен оның жұбайы жоғалғанын хабарлаған еді. Белгілі болғандай, олар таңғы сағат 10 шамасында үйден шығып кеткеннен кейін қайта оралмаған.

Полицияның мәліметінше, бүгін, 21 қарашада, әйелдің денесі зорлық-зомбылық белгілерімен табылған.

«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кейінгі іздестіру шаралары барысында оның жұбайы асылған күйінде табылды. Оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп, қажетті сараптамалар мен айғақтарды жинап жатыр», — деп хабарлады полиция департаменті.

Қазір оқиғаның мән-жайы анықталуда. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.