Талғар қаласында әке 15 жастағы қызын пышақтап өлтірді

Qaz365.kz редакциясы
ашық дереккөзден

Алматы облысында тұрғындарды дүр сілкіндірген қайғылы оқиға болды. Талғар қаласында мас күйдегі ер адам өз қызын пышақтап өлтірген. Бұл туралы журналист Сырым Иткулов мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның мәліметінше, қайғылы жағдай 10 қараша кешінде болған. Қыз бала ас үйде тамақ дайындап жатқан сәтте үйге ішімдік ішіп келген әкесі кіріп, екеуінің арасында жанжал шыққан. Ер адам қызын бірнеше рет пышақпен жаралап, жасөспірім оқиға орнында көз жұмған.

– Оны полиция ұстады. Айтуынша, карантиннен бері жұмыссыз болған, ал әйелі жұмыс істеп жүрген. Қызы әкесіне «араққұмарсың» деп айтқаннан кейін ол ашуға беріліп, пышақ салған. Мұндай адамды толық жазалау керек, – деп жазды журналист.

Белгілі болғандай, бұл отбасыда бұрыннан жанжал жиі болған. Марқұм қыз әкесінің ішімдікке салынғанына және отбасы тынышын бұзғанына байланысты полицияға бірнеше рет шағымданған.

Облыстық полиция департаменті бұл деректі растады. Күдікті ұсталып, қылмыстық іс «Адам өлтіру» бабы бойынша тергеліп жатыр.