Депутат дабыл қақты: Ұлытауда зымыран бөлшегі елді мекенге жақын жерге құлады

Qaz365.kz редакциясы

Министрлік түсініктеме берді

видеодан кадр

Ұлытау облысында зымыран тасығыштың бірінші сатысы құлағаны туралы ақпарат жергілікті тұрғындарды дүрліктірді. Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин бұл жағдайды ұшу қауіпсіздігінің өрескел бұзылуы деп бағалап, тиісті органдардан жедел әрекет етуді талап етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Ұлытау ауданында зымыран тасығыштың бірінші сатысы құлағаны туралы ақпарат тарап, жекеме де жерлестер жазып жатыр. Тараған бейнежазбаларда қалдықтар елді мекендерге тым жақын түскені анық көрінеді. Бұл – ұшу қауіпсіздігі талаптарының өрескел бұзылуы», – деді депутат.

Сатыбалдиннің айтуынша, бұл оқиғаға байланысты бірнеше нақты шара қабылдау қажет:

  • Оқиғаның мән-жайын дереу анықтап, ұшу траекториясын жоспарлауда кеткен қателіктерге құқықтық баға беру;

  • Ауыл тұрғындарының қауіпсіздігіне, мал шаруашылығына және қоршаған ортаға келтірілген ықтимал залалды толық зерттеу және залалды жою;

  • Халық қоныстанған аумақтарға немесе олардың маңына зымыран қалдықтарының құлауына жол бермеу үшін қауіпсіздік регламенттерін қайта қарап, күшейту;

  • Мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін жауапты ұйымдардың жұмысын қатаң бақылауға алу.

«Техникалық қауіпсіздік сақталмауынан туған мұндай жағдайлар халықтың бейбіт өміріне және шаруашылығына зиян келтірмеуі тиіс. Бұл мәселені түбегейлі шешу қажет», – деді депутат.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді. Ведомствоның хабарлауынша, 27 қараша күні сағат 14:27-де Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз МС-28» зымыран-тасығышы сәтті ұшырылған.

«Зымыранның бірінші сатысы алдын ала белгіленген аймаққа – елді мекендерден алыс жерге, Ұлытау облысы аумағына түскен. Халыққа қауіп жоқ. Оқиға орнында “Роскосмос” мамандары мен Қазақстан және Ресейдің экологтары жұмыс істеп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, қоршаған ортаға зиян келмеген», – деп хабарлады министрлік.

Сонымен қатар ведомство «Союз МС-28» зымыран-тасығышының экологиялық тұрғыдан қауіпсіз отын, яғни керосин мен сұйық оттекті пайдаланатынын, сондықтан радиациялық, биологиялық немесе химиялық қауіптің жоқтығын атап өтті.

Министрліктің мәліметінше, пилотталған «Союз МС-28» кемесі Халықаралық ғарыш станциясына сәтті жетіп, экипаж мүшелері – ресейлік ғарышкерлер Сергей Кудь-Сверчков пен Сергей Микаев, сондай-ақ NASA астронавты Кристофер Уильямс бортқа табысты кірген.