Түркістан облысындағы қайғылы өрттен тағы бір бала қайтыс болды

Qaz365.kz редакциясы

Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында болған жойқын өрттің салдары ауыр болып жатыр. Бұған дейін 12 адамның, соның ішінде 9 баланың қаза тапқаны хабарланған еді. 30 қарашада тағы бір зардап шеккен 7 жастағы қыз бала ауруханада көз жұмды. Осылайша, қаза болған балалар саны 10-ға жетті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, көрсетілген интенсивті терапияға, бейінді мамандардың (соның ішінде республикалық санитарлық авиацияның 4-деңгей мамандарының) кеңестеріне, реанимациялық және дезинтоксикациялық шаралардың толық кешеніне қарамастан, орталық жүйке жүйесінің ауыр зақымынан пациентті аман алып қалу мүмкін болмады.

Оның денесі ауылына жеткізіліп, бүгін жер қойнына тапсырылды.

Қайғылы өрт 18 қараша күні таңертең болған. Көршілердің айтуынша, отбасында алдыңғы күні шағын жиын өтіп, үйде туыстар қонақтап қалған. Таңсәріде үйді өрт шарпыған.