Қайғылы оқиға Алматы–Бішкек тас жолында болған
Алматы облысында ірі жол-көлік апаты болып, жеті адамның өмірі қиылды, деп хабарлайды Qaz365.kz облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға Алматы–Бішкек тас жолының 129-шақырымында болған.
Алдын ала мәліметке сай, Honda Odissei автокөлігінің жүргізушісі алдындағы HOWO жүк көлігінің тіркемесіне соғылған.
«Апат салдарынан жеңіл көлікте болған жеті адамның барлығы, оның ішінде жүргізуші де алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды», — делінген ведомство таратқан хабарламада.
Қазір бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтауда.
Бұл – соңғы екі апта ішінде Алматы облысында тіркелген екінші ауыр жол апаты. Бұған дейін, 24 қараша күні, осы бағыттағы 65-шақырымда Audi мен Toyota көліктері соқтығысып, алты адам қаза тапқан еді.