«Кез келген дәрігер дәл солай істейтін еді»: министр резонансты видеоға қатысты пікір білдірді

Qaz365.kz редакциясы
видеодан кадр

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ұшақ бортында науқас жолаушыға көмек көрсеткен сәті түсірілген видеоға байланысты әлеуметтік желілерде тараған пікірлерге жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Видеодан кейін кейбір азамат оның шынымен көмек көрсеткеніне күмән келтірген.

«Өкінішке қарай, иә, күмән болған. Бірақ бұл мен көмектескен алғашқы жағдай емес. Тек осы жолы біреу видеоны әлеуметтік желіге жариялап жіберген. Шынында да, көмек көрсетілді. Жолаушының жағдайы күрт нашарлап, “араларында дәрігер бар ма?” деп сұрағанда, мен бірден барып, көмектестім. Менің орнымда кез келген дәрігер, кез келген медицина қызметкері дәл солай істейтін еді. Сондықтан бұл жерде күмәндануға еш негіз жоқ», – деді Әлназарова.

Журналистер бұл видео әдейі пиар мақсатында түсірілген жоқ па деген сұрақ қойды.

«Әр адамның өз пікірі бар. Мен ешкімнің көзқарасын өзгерте алмаймын. Мен ең бастысы – дәрігер ретінде өз борышымды орындадым. Ешкімнің алдында ақталуға тиісті емеспін», – деп жауап берді министр.

Еске салайық, қараша айының соңында Threads желісінде Астана – Алматы бағыты бойынша ұшқан рейсте бір жолаушының жағдайы күрт нашарлап, оған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова көмек көрсеткені айтылған.