Ақтөбеде бүгін туған ұлының қолынан қаза тапқан 41 жастағы келіншекпен қоштасу рәсімі өтті. Алдын ала болжам бойынша 16 жастағы жасөспірім өзінің анасын ұялы телефонға қатысты жанжал кезінде пышақтап өлтірген, деп хабарлайды Qaz365.kz KTK.kz-ке сілтеме жасап.
Қанды оқиғадан аман қалған 72 жастағы әжей ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер науқастың жағдайы нашарлап кетпесін деп бұл ақпаратты әзірге хабарламай отыр.
Дәрігерлердің айтуынша, қарт ана ауруханаға көп қан жоғалтып, денесінің бірнеше жерінен пышақ жарақатымен түскен.
«Науқас өте ауыр жағдайда келді. Иық, білезік, жамбас және қол аймағында көптеген пышақ жарақаттары бар. Кеуде тұсында жабық жарақат анықталды, бірнеше қабырғасы сынған. Есту қабілеті төмен болғандықтан, байланыс орнату да қиынға соғып жатыр»,- дейді Ақтөбедегі №1 көпсалалы аурухананың бас дәрігері Қадырбек Иманбаев.
Қылмыс түн жарымда көпқабатты үйдің бір пәтерінде жасалған. Тергеу деректеріне сәйкес, жасөспірім алдымен анасын пышақтап өлтірген, кейін әжесіне шабуылдаған. Қазір пәтер пломбаланып, отбасы уақытша басқа жерге көшірілді.
Көршілер сол түні қатты айқай естімегенін айтады, бірақ күдік тудырған дыбыстардан кейін полиция шақырған.
«Ешқандай айғай болған жоқ. Әуелі бәсең дауыс естілді, кейін оның полиция екені белгілі болды. Балалары өте тәрбиелі, бізге әрдайым көмектесетін. Алғадан жақсы оқу үшін көшіп келген. Әкесі таксист болып ақша табады»,- дейді көршісі Сұлушаш Жұмабаева.
Қайғылы оқиғаға күдікті 11-сынып оқушысы. Ол жаңа білім ордасына биыл ғана ауысқан.
«Бала өте тәртіпті, үлгерімі жақсы. Мұғалімдері тек оң пікір айтатын. Толық отбасынан шыққан. Болған жағдай біз үшін ауыр соққы»,- дейді мектеп директоры Сүндетбек Қалдыбекұлы.
Дәрігерлер қарт ананың жағдайы біршама тұрақтанғанын, өміріне қауіп жоқ екенін мәлімдеді. Дегенмен оның психологиялық қолдауға мұқтаж екені айтылып отыр. Отбасында үш бала бар. Көршілердің айтуынша, әкесі жиі іссапарда болып, такси қызметімен айналысқан.