Ақтөбе облысында жолаушылар автобусы аударылып, бес адам қаза тапты

Qaz365.kz редакциясы

11 жолаушы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген

ашық дереккөзден

Ақтөбе облысында жолаушылар автобусы аударылып, бес адам көз жұмды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оқиға 7 желтоқсанда сағат шамамен 8:40-та Самара – Шымкент тас жолының 1024-шақырымында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Қарабұтақ ауылынан Қызылорда облысына қарай бағыт алған автобус Ұлғайсын елді мекенінің маңында жол жиегіне қарай аударылып кеткен.

Автобустың ішінде Пермь – Ташкент бағытымен келе жатқан 49 жолаушы болған. Апат орнында бес адам көз жұмды, тағы 11 жолаушы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.

Өзбекстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше, қаза тапқандардың екеуі – өзбекстандық азамат.

Қазір оқиғаның себептері анықталып жатыр.