Павлодарда екі мектеп оқушысы 7 жасар баланың тілін кесуге тырысқан. Бұл оқиға туралы ақпаратты облыстық полиция департаменті растады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Зардап шеккен баланың анасының айтуынша, оқиға 9 желтоқсанда Айманов көшесіндегі №50 үйдің жанында болған. Белгісіз екі бала жеткіншекті жерге құлатып, бірі ұстап тұрған кезде екіншісі басына және денесіне соққы жасаған.
«Балалардың бірі қайшы шығарып, ұлымның тілін кесуге тырысты. Ұлым сытылып шығып, подъезге жүгіріп барып аман қалған», – деді анасы.
Оқиға орнындағы бейнебақылау камералары істемегендіктен, әлімжеттік сәті жазылмаған. Анасы куә болған қала тұрғындарын хабарласуға шақырды.
Полиция кәмелетке толмағанға қасақана жеңіл дене жарақатын салу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.
«Қазір оқиғаға қатысы бар балаларды анықтау және оларды табу шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында олардың ата-аналарының жауапкершілігі де қаралады. Іс жасөспірімдер ісі жөніндегі комиссияда қаралып, балалар есепке қойылуы мүмкін», – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Денсаулық сақтау басқармасы 7 жасар бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілгенін мәлімдеді. Дәрігерлер ми шайқалуын, еріндердегі жарақаттар мен көгерулерді, тіл ұшындағы кесілген жараны, сөйлеу бұзылуын анықтаған.
Бала травматология бөліміне жатқызылған. Жағдайы тұрақты, орташа ауыр.
Балалар омбудсмені Сәуле Шәкенова баланың анасымен байланысып, жағдай бақылауда екенін айтты. Аурухананың психологы зардап шеккен жеткіншекпен жұмыс жүргізе бастаған.